Сұхбат барысында «Мемлекеттік орган – ол халыққа қызмет көрсететін сервис пе әлде бұйрық беретін жабық каста болуы керек пе?» деген сұрақ қойылды. Ә.Байменов бұл сұрақ жалпы жаһан үшін өзекті екенін айтты.
- Қазір тек Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық қарым-қатынас ережелері, халықаралық сауда қағидалары ғана емес, заманауи мемлекеттің үлгілері де үлкен сынақтан өтіп жатыр. Бұл – демократияның өзіне де үлкен сынақ. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік аппарат - ол ұзақ мерзімді мемлекеттің мүддесін қорғау үшін жұмыс істеуі керек пе әлде бір сайлаудан келесі сайлауға дейін өзінің алдына қойған мақсаттары бар саяси қызметшілердің мүддесін қорғау үшін жұмыс істеуі тиіс пе? Бұл дилемма қазіргі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесі дамуында өте өзекті. «Саясаткер келесі сайлауды ойласа, мемлекет қайраткері – келер ұрпақты ойлайды» деген сөз бар. Сайлау арқылы жеңіске жеткен партиялардың барлығы бірдей келер ұрпақты ойлай бермейді. Сондай-ақ сайлау арқылы жеңіске жеткен лауазым иелерінің кейбіріне мұндай қабілет берілмеген, - деді Әлихан Байменов.
Бұдан бөлек ол мемлекеттік қызметтегі кәсіби мамандарға қатысты пікір айтты.
- Саяси мемлекеттік қызметші - сенімнің негізінде тағайындалатын адам. Министрді тағайындау алдында оны емтиханнан ешкім өткізбейді. Ондай тәжірибе әлемде жоқ. Бірақ оның қарамағындағы кәсіби мамандар министрге дұрыс кеңес беріп отыруы керек, сонымен қатар оның қабылдаған әрбір шешімінің салдары қалай болатынын алдын ала болжап айтуы тиіс, - деді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы.
Бұған дейін хабарланғандай, Әлихан Байменов Терминком мүшелері қандай шет тілдерін білуі керектігін айтты.