Әлемдік әуен Бозжырада әуеледі: танымал пианистің ерекше жобасы елді тәнті етті

Фото: Kazakh Tourism

АҚТАУ. KAZINFORM — Сахнада Ратович деген лақап атпен танылған қазақстандық пианист әрі композитор Темірлан Бейсенбай мен тревел-блогер Әділет Рахметолла екеуі жаңа бейнежобаны ұсынды. Түсірілім елдің ең көрікті табиғи нысандарының бірі — Бозжыра шатқалында өткен. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мәлімдеді.

Ратович Маңғыстау облысындағы Бозжыраның әсерлі көріністері аясында «Interstellar» фильміндегі композитор Ханс Циммердің «Cornfield Chase» танымал туындысын орындады. Шығармашылық бастама Қазақстан табиғатының сұлулығын насихаттауға, ел ішінде саяхаттауға шақыруға және қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. 

Жобаға Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, Маңғыстау облысының туризм басқармасы және Rixos Water World Aktau қонақ үйі ұйымдастырушылық әрі логистикалық қолдау көрсеткен.

Фото: Kazakh Tourism
— Бүгінде Қазақстанның туристік нысандары шығармашылық жобалар түсірілетін алаңға айналып келеді. Қыркүйек айында Бозжыра шатқалында Димаш Құдайберген мен Қытайдың ең ірі телеарналарының бірі Hunan TV жобасы түсірілді. Мұндай бастамалар табиғи және мәдени мұраны ілгерілетуге ықпал етіп, көпшілікті Қазақстанмен кеңірек танысуға шабыттандырады, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының м. а. Даниел Сержанұлы.

Бұл Ратовичтің туристік орындарда түсірген алғашқы жобасы емес. 2022 жылы музыкант өз композициясы арқылы Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ұлттық паркін көпшілікке таныстырды.

Фото: Kazakh Tourism

Бозжыра — Қазақстанның танымал және әсерлі табиғи орындарының бірі. Бірегей рельеф пен жартас пішіндерінің арқасында шатқалды марстың көріністеріне жиі ұқсатады. Үстіртің кинематографиялық пейзаждары саяхатшылардың ғана емес, шығармашылық сала өкілдерінің де назарын аударады.

Айта кетейік, шетелдік инвестор Бозжыра шатқалына қонақүй салуға ниетті.