Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметін қолдайтын оңтүстік қарулы күштер Зубаб әуежайы мен Баб әл-Мандаб бұғазы маңындағы аудандардан әскери бөлімшелерін шығарғанын хабарлады. Әскерді қайта орналастырудың негізгі бағыты ретінде Аден қаласы белгіленген.
Ал хуситтерге жақтас ақпарат құралдары үкімет күштері тастап кеткен аумақтарды қозғалыс жасақтары бақылауына алғанын мәлімдеді. Йемен үкіметін қолдайтын Сауд Арабиясы әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Әскерді шегіндіру үкімет күштерінің алты аптаға созылған қарсы шабуылының іс жүзінде аяқталғанын білдіреді. Бұл әскери операцияның мақсаты хуситтерді Қызыл теңіз жағалауынан ығыстырып, мұнай тасымалдайтын маңызды теңіз жолдарының біріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болған.
Қыркүйек айында хуситтер күтпеген шабуыл жасап, Баб әл-Мандаб бұғазы маңындағы бірқатар аумақты, соның ішінде Перим аралы мен стратегиялық маңызы бар Моха порт қаласын басып алған еді. Әскери қақтығыстың ушығуы әлемдік мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, мыңдаған тұрғынды үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті.
Хуситтер бұғазға бақылау орнату халықаралық кеме қатынасына қауіп төндірмейтінін мәлімдеп отыр. Алайда қозғалыс Сауд Арабиясына тиесілі кемелерге шабуыл жасауды жалғастыратынын да ескерткен.
Қақтығыстың шиеленісуі әлемдік мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуына әкелген АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қақтығысынан кейін Баб әл-Мандаб бұғазының стратегиялық маңызы арта түсті. Осы жағдайға байланысты Сауд Арабиясы мұнай экспортын Қызыл теңіз арқылы қайта бағыттауға мәжбүр болған.
Жағдайдың ушығуына байланысты Сауд Арабиясы хуситтердің позицияларына жүздеген әуе соққысын жасады. Бұған жауап ретінде қозғалыс Сауд Арабиясының қалалары мен инфрақұрылым нысандарына дрондар және зымырандар арқылы көптеген шабуыл ұйымдастырған.
БҰҰ бағалауынша, Йемендегі қақтығыстың қайта өршуі салдарынан шамамен 330 мың адам тұрғылықты жерін тастап кетуге мәжбүр болған. Сондай-ақ жүздеген адамның қаза тапқаны хабарланды.
Бұған дейін хуситтер Эр-Рияд қаласындағы әуежай мен қаржы орталығына зымыранмен соққы жасағанын мәлімдеген еді.