Хуситтер Сауд Арабиясындағы Эр-Рияд әуежайы мен мұнай құбырына шабуыл жасалғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы халықаралық әуежай мен «Шығыс – Батыс» мұнай құбырына ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

 хуситы ракетные удары
Фото: Anadolu

Бұл жөнінде хуситтердің әскери өкілі Яхья Сариа америкалық X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Сарианың айтуынша, хуситтер король Халид атындағы халықаралық әуежайға дрон арқылы шабуыл жасаған.

Сондай-ақ оның сөзінше, Эр-Риядтың шығысында орналасқан «Шығыс – Батыс» мұнай құбырының №3 сорғы станциясына екі ұшқышсыз аппаратпен соққы берілген.

Йеменде азаматтық соғыс 2014 жылдың қыркүйегінен бері жалғасып келеді. Сол кезде Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана қаласы мен бірқатар провинцияны бақылауына алған болатын.

2015 жылдың наурызынан бастап Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметіне қолдау көрсетіп келеді.

Соңғы уақытта Йемендегі үкімет күштері мен хуситтер арасындағы қақтығыстар жиілеген.

Еске салайық, Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йемендегі хуситтердің баллистикалық зымыран шығаратын бірнеше нысанына соққы бергенін жазған болатынбыз.

Сонымен қатар хуситтер Сауд Арабиясындағы екі әуежайға шабуыл жасағанын мәлімдеді.