Хуситтер Сауд Арабиясындағы екі әуежайға шабуыл жасағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Йемендік хуситтер Сауд Арабиясындағы Даммам және Джизан әуежайларына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасағанын, сондай-ақ ерте ескерту радары мен әскери-көлік ұшағына соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Мұндай мәлімдемені хуситтер қозғалысының әскери өкілі Яхья Сариа жасады.
— Кейінгі 48 сағат ішінде күштеріміз Даммам әуежайына екі кезеңмен екі ұшқышсыз аппараттың көмегімен шабуыл жасады, — деп жазды Сариа Telegram-арнасында.
Оның айтуынша, хуситтер Джизандағы ерте ескерту радарына және сол қаладағы әуежайда тұрған әскери-көлік ұшағына да соққы берген.
Йеменде 2014 жылдың тамызынан бері хуситтер мен Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштер арасында қарулы қақтығыс жалғасып келеді.
2026 жылдың шілдесінде көтерілісшілер Сауд Арабиясына қарсы теңіз блокадасын енгізетінін жариялады. Осыдан кейін корольдікке тиесілі бірнеше мұнай танкеріне шабуыл жасады.
Тамыз айының басында «Ансар Аллах» қозғалысы Йеменнің оңтүстік-батысында шабуылға көшті. Ал 10-11 қыркүйекте Моха портты қаласы мен Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы аумақтарды бақылауына алды.
4 қазанда Йемен үкіметінің күштері көтерілісшілер бақылауындағы аумақтарды қайтару үшін ауқымды әскери операция басталғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемендегі хуситтердің әскери әлеуетін нығайтуға пайдаланылатын маңызды ресурстарды жою мақсатында әскери операция өткізгенін жазған едік. Әсіресе, баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктерін қолдайтын нысандарға басымдық берілген.