Айта кетейік, қазір ол № 50 мектептің ұстазы. Рекордты тіркеу үшін қаладағы № 1 Автопарк өзінің автобусын ұсынды.
— Бұл шешімге баруға өзімнің бапкерім Айбар інім мен оның досы Ержан екеуі себепші болды. Сонымен қатар, мектеп бітіретін түлектерді де ынталандырып, болашақ қадамдары сенімді болуы үшін бүгін алып автобусты сүйреуге бел будым. Себебі адам талпынса, арманы орындалады, — деді Айгүл Ержанова Kazinform агенттігіне берген сұхбатында.
Еске салсақ, былтыр мұғалім жалпы салмағы 8 тонна болатын екі пикап көлігін 57 метрге тартқан еді. Ал биыл ол өзінің рекордын жаңарту мақсатында 13,5 тонналық автобусты сүйреді.
Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтарды тіркеудің бас офицері (Global Best Of RECORDS) Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, бұған дейін әлемде осы тектес рекордтар болған, бірақ 50 жастан асқан әйелдер арасында ауыр салмақтағы автобустарды тартып көргендер тіркелмеді.
— Дүниежүзілік рекордтар кітабы қазір 89 мемлекетті біріктіріп отыр. 2026 жылғы дүнежүзілік рекордтар кітабына Айгүл ханымның аты екінші рет енеді. Өйткені бұл кісі былтыр екі ауыр пикап көлігін тартып, бір рекордты орнатқан еді. Дәл бүгін елордалық мұғалім екінші рет рекорд жаңартқанына баршамыз куәгер болдық. Сондықтан осы оқиғаны ресми түрде тіркеуге қоямыз. Ол автобусты 14 метр бойы тартып өтті. Барлық экстремалды санаттағы рекордтарда 10 метр сүйресе, онда Global Best Of RECORDS кітабына енгізіледі. Жалпы, 50 жастан асқан адамға мұндай ауыр көлікті тарту оңай емес. Атап айтқанда, Айгүл ханым рекордты орнатты, — деді әлемдік рекордтарды тіркеудің бас офицері.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ауыр атлетикадан Аянат Жұмағали ел рекордын 7 мәрте жаңартқанын жазған едік.
Еске салсақ, 2024 жылы атыраулық спортшы жігіт көмір тиелген 94 тонналық вагонды сүйреді.