Ол аударманың әлемдік білім мен мәдениетті қазақ тілінде қолжетімді етудегі, сондай-ақ қазақтың рухани мұрасын әлемге танытудағы маңызына тоқталды.
«Аударма – тілдің мүмкіндігін кеңейтетін үлкен интеллектуалдық еңбек. Қалыптасқан кәсіби аударма мектебінің арқасында әлемдік білім мен әдебиетті қазақша сөйлетіп, қазақтың рухани мұрасын өзге тілдерге таныта алдық. Бүгінде бұл саланың келбеті өзгеріп келеді. Бұрын аудармашының негізгі құралдарының бірі сөздік болса, қазір оған цифрлық платформалар мен жасанды интеллект қосылды. Бірақ технология аудармашының маңызын төмендетпейді. Керісінше, тілдің табиғатын сезіну, мәдени контексті сақтау, мәтіннің сапасы мен мағынасын бағалау бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан жаңа технологияларды қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтуге және аударма сапасын арттыруға пайдалануымыз керек», - деді қоғам басшысы.
Осы міндеттер «Қазақ тілі қоғамы» жұмысының негізгі бағыттарымен де сабақтасып жатыр. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, ұйым жұмысы үш бағытты қамтиды: қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, тілді заманға сай мазмұнмен байыту және қазіргі жаһандық технологиялық үдеріске қосу.
Әлемдік бестселлерлер қазақша сөйлей бастады
Қазақ тіліне аударылған әдебиеттер қатары да кеңейіп келеді. Соның бірі – америкалық зерттеуші Стивен Фредерик Старрдың Орталық Азия тарихына арналған еңбектері.
– Оның «Ұмытылған ұлылық: Орталық Азияның араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры» еңбегінде IX-XIII ғасырлардағы Орталық Азияның ағартушылық кезеңі, сол дәуірдегі ойшылдар мен олардың ғылыми жетістіктері баяндалады. Сондай-ақ автордың Ибн Сина мен Бируни өмір сүрген кезеңге арналған еңбегі де қазақ тіліне аударылды, - деді ол.
Қазақ оқырманына әлемдік көркем әдебиеттің танымал туындылары да ұсынылып отыр. Қытай жазушысы Лю Цысиньнің «Үш дененің жұмбағы» және «Тас түнек» романдары алғаш рет қазақ тіліне аударылған. Олар «Жердің өткен шағын еске алу» трилогиясының алғашқы екі кітабы.
Абайдың академиялық жинағы үш тілде шықты
Қоғам өкіліінң айтуынша, тағы бір жоба – Абайдың академиялық жинағы. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан.
Жинаққа ақынның өлеңдері мен аудармалары, поэмалары және Қара сөздері енгізілген. Таралымы – 3 мың дана. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, Абай шығармаларын шет тілдеріне аудару кезінде бұрын жасалған аудармалар да қайта қаралған.
– Осыған дейін жасалған аудармалардың барлығы қаралды, тексерілді. Соның ішінде орыс тіліндегі нұсқасы да Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасымен бірге жасалды. Бұған дейінгі көптеген орыс тіліндегі аударманың әлсіз деген жерлерінің барлығы қайта қаралып, кейбір жерде калька, кейбір жерде техникалық қолдану болған кемшіліктерді жою мақсатында осының барлығы қайта қарастырылып, қайта жасақталды, - деді ол.
Disney, Pixar және Sony фильмдері қазақша шығып жатыр
Қазақ тіліндегі контент тек кітаппен шектелмейді. Соңғы жылдары әлемдік кинопремьераларды қазақ тіліне аудару жұмысы да жалғасып келеді.
Қоғам өкілдерінің сөзінше, мәселен, 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Моана 2» және «Веном. Соңғы би» фильмдері қазақ тіліне аударылған. 2025 жылғы тізімде «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио», «Аңдар шаһары 2» және «Аватар: От пен күл» бар.
Ал биылғы қазақ тіліне аударылған фильмдер қатарында «Секіргіштер», «Ойыншықтар хикаясы 5», «Моана» және «Өрмекші адам. Жаңа күн» туындылары бар.
Рауан Кенжеханұлы қазақша дубляждың жалғасуы көрерменге де байланысты екенін атап өтті.
– Осы фильмдердің аударма жұмысын әріптестеріміз өздері жүзеге асырып жатыр. Біздің міндетіміз – осы жұмысты насихаттау, айту, тарату, көрермендердің санын көбейту. Көрерменнің қолдауы болмаса, қазақша дубляждың өзін-өзі ақтауы қиын. Бұл жұмыстың әрі қарай жалғасуына да әсер етеді, - деді спикер.
Оның айтуынша, мұндай фильмдердің қазақша нұсқалары басқа халықаралық тілдердегі премьералармен қатар шығуы маңызды.
– Бұдан бөлек, балаларға арналған анимациялық фильмдер, Disney, Pixar, Sony, Marvel сияқты әлемге танымал студиялардың туындылары қазақ тіліне аударылып, дубляждалып жатыр. Олардың қазақша премьералары өзге ірі тілдердегі нұсқаларымен бір күнде, жоғары сапада шығып жатыр, - деді Рауан Кенжеханұлы.
60 мың сөзден тұратын Oxford сөздігі
Бұдан бөлек, соңғы жылдардағы ірі жобалардың бірі – қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша Oxford Qazaq Dictionary. Сөздіктің жалпы көлемі 1300 бет, оған 60 мың сөз енген. Оны дайындауға 50-ден астам лингвист маман қатысқан. Сөздік 10 мың дана таралыммен басылып шыққан. Жобада әлемге танымал Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынған. Сондай-ақ Oxford Qazaq Dictionary негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылған. Рауан Кенжеханұлы бұл жоба қазақстандық мамандар үшін де үлкен тәжірибе болғанын айтты.
– Жобаны әзірлеуге Қазақстанның жетекші аудармашылары, қазақ және ағылшын тілдерін қатар меңгерген мамандар, Oxford пен Тіл білімі институтының өкілдері қатысты. Жалпы 50-ден астам маман жұмылдырылған халықаралық ғылыми жобаға төрт жыл уақыт кетті, – деді ол.
Бұдан бөлек, ол Қоғам жұмысының үшінші бағыты – қазақ тілін қазіргі технологиялық үдеріске қосу мәселесіне тоқталды.
– Жасанды интеллект технологиялары енді жеке сала емес, тілге қатысты жұмыстың да ажырамас бөлігіне айналып келе жатыр. Бүгінде ChatGPT-дің қазақ тіліндегі жұмысын жетілдіру үшін ауқымды деректер қоры жинақталды, - дееп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған басқосуда аударма саласына жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және мамандарға қойылатын жаңа кәсіби талаптар талқыланды.
Еске салайық, бұған дейін аталмыш шараға қатысқан Назгүл Қожабек жастар мен оқушылар жасанды интеллект құралдарын сабақтан бастап күнделікті кеңес алуға дейін пайдаланып жүргенін, сондықтан олардың ЖИ-ден алатын жауабының тілі қаншалықты дұрыс болатынына мамандар да жауапты екенін атап өткен еді.