Назгүл Қожабек: Жасанды интеллектінің тілін түзету — мамандарға жүктелген міндет

АСТАНА. KAZINFORM — Жастар мен оқушылар жасанды интеллект құралдарын сабақтан бастап күнделікті кеңес алуға дейін пайдаланып жүр. Сондықтан олардың ЖИ-ден алатын жауабының тілі қаншалықты дұрыс болатынына мамандар да жауапты.

Қазақ тілі Жасанды интеллект
Фото: Kazinform/AI

Бұл туралы филолог, аудармашы, редактор, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабек Халықаралық аудармашылар күніне арналған жиында айтты.

Маманның айтуынша, қазіргі жасанды интеллект заманында калька тек таралып қана қоймай, қайта-қайта өндіріліп, көбейе береді.

— Қазіргі жасанды интеллект заманында калька өзінен-өзі туа береді, калька өзін-өзі көбейте береді. Оған қарсы тұра алатын жалғыз тосқауыл — біздің біліміміз, біздің тәжірибеміз, — деді Назгүл Қожабек.

Ол кальканы тілге тиген дертке теңеді. Сондықтан жасанды интеллект модельдеріне мәтін қосатын, оларды кәсіби мақсатта пайдаланатын мамандар тілдік қателерді түзетуге атсалысуы қажет деп санайды.

— Жасанды интеллект модельдерінің тілін түзеп отыруға тырысуымыз керек. Ол қазір біздің бәріміздің мойнымызға заманның өзі жүктеп отырған міндет болып тұр. Заманның, технологияның, көптің жетегінде кетпей, біз маман ретінде жасанды интеллектінің жадындағы тілдің тазалығы жолында күресуге мәжбүр болып тұрмыз, — деді ол.

Назгүл Қожабек бұл мәселеге жастардың жасанды интеллектіні белсенді қолдануы тұрғысынан да назар аударды. Оның айтуынша, қазір жастар ЖИ-ге тек оқу үшін емес, күнделікті өмірдегі түрлі сұрақтарына жауап алу үшін де жүгінеді.

— Олар кәдімгі жасанды интеллектіден бәрін сұрайды: сабағын да сұрайды, ақылын да сұрайды, кеңесін де сұрайды, тіпті «мамам ұрыспау үшін не істеу керек?» деген нәрселерге дейін сұрайтын болды. Бір сұрақтың жауабын жүз кітап оқып іздеу қиын қазір, іздегісі келмейді. Бәрін осы жасанды интеллектіден сұраса, ол бір сәтте жауабын тауып береді, — деді маман.

Айта кетейік, Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған басқосуда аударма саласына жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және мамандарға қойылатын жаңа кәсіби талаптар талқыланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы жасанды интеллект кеңінен қолданылған сайын қазақ тіліндегі кальканың көбею қаупі де артқанын атап өткен еді.