Назгүл Қожабек: Калька – іштен шірітетін бөтен тіл
АСТАНА. KAZINFORM - Жасанды интеллект кеңінен қолданылған сайын қазақ тіліндегі кальканың көбею қаупі де артып отыр. Бұл туралы филолог, аудармашы, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабек Халықаралық аудармашылар күніне арналған кездесуде айтты.
Маманның айтуынша, кірме сөзді бірден байқауға болады, ал кальканы тану әлдеқайда қиын.
– Калька сырттай қазақшаға ұқсап, бөтен тілдің құрылымын жасырып тұрады. Калька қазақ сөздерінен құралғандықтан, «таза қазақша» болып көрінеді. Кірме сөз сырттан шалады, калька іштен шалады. Өйткені білдірмей-білдірмей тіліңнің құрылымына қатты зиян тигізіп жатқанын сезбейміз, - деді Назгүл Қожабек.
Маман сондай-ақ, «болып табылады», «тарапынан», «рөл ойнау», «өз үлесін қосу», «жұмыс жасау» сияқты қолданыстарды мысалға келтірді.
Оның айтуынша, кейбір калька тілге әбден сіңіп кеткендіктен, қазір оны басқа тілдің ықпалымен пайда болған құрылым ретінде аңғару қиын.
Назгүл Қожабек кальканың әсері тек сөз бен сөйлем құрылымымен шектелмейтінін атап өтті.
– «Жаңа туған нәрестеңізбен» деген шықты қазір. Қазақ ешқашан «Жаңа туған нәрестеңізбен» деп айтпаған. «Бауы берік болсын» деп деген. Біз содан айырылып бара жатырмыз. Калька біздің өзіміздің танымдық ақпаратымызды ысырып, оның орнына басқа тілдің конструкциясын, басқа тілдің танымын сіңіріп бара жатыр. Бұл жай ғана сөздің мәселесі емес, бұл танымның мәселесіне айналып бара жатыр, – деді ол.
Одан бөлек, жасанды интеллектінің кең таралуы калька мәселесіне жаңа сипат беріп отырғанын атап өтті. Маманның түсіндіруінше, тілдік модельдер қолданыстағы мәтіндерден үйренетіндіктен, қате немесе калькаланған үлгілер де қайта-қайта өндірілуі мүмкін.
– Қазіргі жасанды интеллект заманында калька өзінен-өзі туа береді, калька өзін-өзі көбейте береді. Оған қарсы тұра алатын жалғыз тосқауыл – біздің біліміміз бен біздің тәжірибеміз, – деді маман.
Оның айтуынша, әсіресе жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын жастардың қандай тілдік мәтін алып отырғанына мән беру қажет. Сондықтан аудармашылар, редакторлар және басқа да тіл мамандары жасанды интеллект ұсынған мәтінді сол күйінде қабылдамай, оның қазақ тілінің табиғи құрылымына сәйкестігін қадағалауы керек.
– Калька тілді өлтірмейді. Ол тілді ішінен басқа тілге айналдырады, ал сырты өзгеріссіз қалады, – деп түйіндеді Назгүл Қожабек.
Айта кетейік, Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған басқосуда жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың аударма саласына ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және мамандарға қойылатын жаңа кәсіби талаптар талқыланып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін BIZDIÑ ORTA подкастына қатысқан Назгүл Қожабек қоғамдық кеңістіктегі жазулар мен нұсқағыштарда қазақ тілін аудармасыз қолдану аясын кеңейту қажет екенін айтқан еді.