Әлемнің қай елдерінде ядролық қару бар

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — G7 елдерінің көшбасшылары Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы тиіс екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта ядролық қаруға ие елдер туралы Kazinform шолу жасаған еді.

Ресми түрде — бес, шын мәнінде — одан да көп

1970 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) күшіне енді.

Шарттың мақсаты — ядролық қару мен ядролық технологиялардың таралуын болдырмау, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және ядролық қарусыздану жолында алға басу.

Қазір ЯҚТШ-ға 191 ел қатысады, оның ішінде 186 ел ядролық қаруға ие емес, қалған 5 елде ядролық қару бар.

Шарт АҚШ, Ресей (бұрынғы КСРО), Ұлыбритания, Франция және Қытайға ядролық державалар ретінде ресми мәртебе беріп, басқа мемлекеттерді ядролық қару жасаудан бас тартуға міндеттеді.

Алайда Үндістан, Пәкістан және Израиль бұл шартқа қосылған жоқ, ал Солтүстік Корея одан шыққанын жариялады. Бірақ, аталған шешім халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған жоқ (БҰҰ дерегі бойынша).

Неліктен тек бес ел ресми мәртебеге ие?

Шартқа сәйкес, «ядролық қаруы бар мемлекет деп 1967 жылдың 1 қаңтарына дейін ядролық қару немесе басқа ядролық жарылғыш құрылғы жасап, оны сынақтан өткізген мемлекетті» айтады. Осылайша, бес ел ресми ядролық держава мәртебесін алды. Ал қалған елдер шартқа қосыла отырып, ядролық қаруға иелік ету құқығынан ерікті түрде бас тартты.

Айта кетейік, Ядролық энергия жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ЯҚТШ-ға қатысушы емес, алайда агенттік шартқа қатысушы елдер бейбіт мақсаттағы ядролық энергияны әскери мақсатқа пайдаланбауын бақылап отырады.

Әлемде ядролық оқтұмсықтардың саны қанша? 

Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) 2024 жылғы есебіне сәйкес, бірқатар ядролық держава ядролық арсеналдарын жаңғырту бағдарламасын жалғастыруда, қолданыстағы қаруды жетілдіріп, жаңасын әзірлеп жатыр. 

Фото: Stockholm International Peace Research Institute (SIPRI)

2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша әлемде шамамен 12 241 ядролық оқтұмсық бар. Оның 9614-і әскери арсеналдарда, яғни оларды қолдану мүмкіндігі бар. SIPRI бағалауынша, 3912 оқтұмсық зымырандар мен ұшақтарға орналастырылған, ал қалғандары орталық қоймаларда сақтаулы тұр.

Сондай-ақ, шамамен 2100 оқтұмсық баллистикалық зымырандарда жоғары әскери дайындық күйінде орналасқан.

АҚШ-тың ядролық жаңғырту бағдарламасы жалғасып жатқанымен, 2024 жылы ол жоспарлау мен қаржыландыру тұрғысынан қиындыққа тап болды.

2024 жылы Ұлыбритания өз арсеналын ұлғайтпағанымен, болашақта оқтұмсықтар қорын арттыруы мүмкін.

Ал Үндістан 2024 жылы ядролық арсеналын аздап кеңейткені байқалса, Пәкістан жаңа жеткізу жүйесін әзірлеуді жалғастырып отыр.

Израиль ядролық қаруға ие екенін ресми түрде мойындамайтын мемлекет — SIPRI деректеріне сәйкес, өзінің ядролық арсеналын жаңғыртуды жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, қазір Таяу Шығыста жағдай өршіп тұр. Осы орайда G7 елдерінің көшбасшылары дүйсенбі күні Иранның ядролық қаруы болмауы керек деген мәлімдеме жасаған еді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Астана халықаралық форумында ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән беру керектігін айтқан еді