Әлеуметтік желіде Түркістанның киелі жерлерін насихаттағандар марапатталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Төле би ауданында өткен «Тау самалы - жан самалы» фестивалінде «Таңғажайып Түркістан» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталмыш іс-шараны Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде өткен байқауға қызығушылық жоғары болды. 

Байқау жеңімпаздарын Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев марапаттады. 

Байқаудың мақсаты - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасын жүзеге асыру және туған жердің туристік әлеуетін көтеріп, тарихын насихаттау. 

Үміткерлер Фейсбук тобында ең көп дауыс жинаған, ең көп лүпіл басылған, ең көп бөлісілген категориялары бойынша арнайы комиссияның шешімімен іріктелді.

Нәтижесінде, «Көрермендер көзайымы» номинациясы Мадина Сарыбалаеваға берілді. 3-орынға  Сәбит Тастанбек,  Ерлан Сыздық лайық деп танылды. 2-орынды Дәурен Айманбет жеңіп алды. 1-орын Ақмарал Ғаниқызы мен Қайрат Кәрібаевқа бұйырды. Ал, бас жүлде Несібелі Иманқұлова мен Ғани Назарбекке табыс етілді.

Айта кетейік, байқауға әлеуметтік желіде белсенді кез келген азамат қатыса алды. Байқауға биылғы жылдың 14 қыркүйегінен 12 желтоқсанына дейін шыққан материалдар жарияланды.

Қатысушылар үш ай бойына өңірдің киелі мекендерін кеңінен насихаттады.