— Жылдық азық-түлік инфляциясы бесінші ай қатарынан баяулап келеді. Егер 2024 жылғы желтоқсанда бұл көрсеткіш 13,5 пайыз болса, биыл мамырда 10,7 пайызға дейін төмендеді. Ал азық-түлік тауарлары бағасының айлық өсімі 0,4 пайызды құрап, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсімінен төмен болды, — деді Ернұр Жаутықбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін бүгінде инфляцияны тежеуге бағытталған 93 іс-шараны қамтитын кешен іске асырылып жатыр.
— Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі баға динамикасы, әлемдік нарықтағы ахуал, сыртқы сауда шешімдері мен логистикалық факторлар тұрақты талданып, алдын алу шаралары қолға алынуда. Мемлекеттік бақылау да күшейтілді. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырғаны үшін 2 247 әкімшілік қаулы шығарылып, 63 млн теңгеден астам айыппұл салынды, — деді ол.
Өңірлік комиссиялар 2 070 өнімсіз делдалдық фактісі мен сауда үстемесін асыру дерегін анықтады.
Бұдан бөлек, министрлік электрондық шот-фактураларды талдау арқылы заңбұзушылық тәуекелдерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілгенін жаздық.