Солардың бірі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла. Сарапшының пікірінше, теледебатқа қатысушылар өз ойларын ашық білдіруге мүмкіндік алды.
- Әр партияның өз электораты, міндеті мен мақсатты аудиториясы бар. Осы аудитория олардың өкілдерімен теледебат арқылы тікелей байланыс орнатып, кім ұнады, соған дауыс беруге мүмкіндік алды. Тақырып «Заң мен тәртіп болды», яғни біздің партиялар дебатқа шыққан кезде биліктің үшінші тармағы – сот жүйесін жетілдіруге көбірек көңіл бөлгенін байқадық. Осы бағытта кім көбірек жұмыс атқарып жатыр немесе өзінің партиялық платформасында үшінші тармақты жетілдіруге бағытталған қандай ұсынымдарды бере алды және олар осыны дебатер ретінде оппоненттерінен халыққа жақсырақ, қарапайым тілмен жеткізе алса, сол партияның өкілдері көбірек симпатияға ие болды деп айтуға негіз бар, - дейді Нұрдәулет Затилла.
Теледебатта партиялардың өкілдері бірқатар ұсынысты айтты. Сарапшының пікірінше, айтылған ойлардың орындалу мүмкіндігіне назар аударған жөн.
- Мәселен, қандай да бір партия әлдебір нәрсені іске асырамын деп уәде беріп қойса және кейін ол Құрылтайға өткен соң оны істемей қойса, ол өзінің электоратынан айрылып қалуы мүмкін. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде имиджді құру өте оңай. Бір адамды алады, оған қажетті бар жақсы қасиеттерді беріп қояды. Таргетинг қосады. Нәтижесінде халық оны тек жақсы жағынан ғана көре бастайды. Ал біздің қазіргі теледебатымыз осы үміткерлерді тікелей эфирге шығару арқылы ыңғайсыз сұрақтарды қойып жатыр. Оларға халық өздерін толғандыратын сұрақтарын ашық қоюға мүмкіндік алды. Бұл – олардың кәсібилігін арттырып, депутаттық кезеңге дайындықтан өтіп жатыр деуге болады, - деді Нұрдәулет Затилла.
Бұған дейін саяси партия өкілдерінің командалық теледебаты қалай өткенін қорытындылаған едік.