Алғаш рет G20 саммиті Африка құрлығында өтіп жатыр

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбург қаласында президент Сирил Рамафосының төрағалығымен «Үлкен жиырмалық» (G20) көшбасшыларының саммиті басталды, деп хабарлайды Анадолы.

G20 саммиті 22-23 қараша күндері «Береке, теңдік және тұрақты даму» ұранымен өтуде.

G20 тобына кіретін елдер әлемдегі экономикалық өндірістің 85%-ын жасап, сауданың 75%-ын жүргізеді. Сондай-ақ, бұл елдер әлем халқының екі үшіншісін қамтиды. Яғни, әлемдік экономика мен саудаға олардың ықпалы өте зор. Саммит барысында осы елдер экономиканың келешегін қалыптастыратын маңызды өзгерістер мен реформаларды талқылайды.

Бірінші сессияда жаһандық қаржы мен экономикалық жүйені нығайту, жаһандық рецессия мен протекционизмге қарсы іс-шаралар, сондай-ақ тұрақты өсімге көшу мәселелері қарастырылады.

Екінші сессияда табиғи апаттар қаупін азайту, климаттың өзгеруімен күресу, әділ энергетикалық көшу мен азық-түлік жүйесін нығайту мәселелері талқыланады. 

Үшінші сессияда әлемдік экономика үшін маңызды минералдарды өндіру және сауда мәселелері, сондай-ақ жасанды интеллект мәселелері қарастырылады.

Африка континентінде бірінші рет өткізіліп жатқан G20 саммиті Африка Одағының тұрақты мүше ретінде қатысуымен ерекшеленеді. Саммитте Африка Одағы атынан комиссия төрағасы Махмуд Али Юсуф қатысады.

G20 құрамына 19 мемлекет пен екі аймақтық бірлестік (Еуропалық Одақ пен Африка Одағы) кіреді. G20-ға Аргентина, Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Франция, ОАР, Оңтүстік Корея, Жапония, Еуропалық Одақ және Африка Одағы кіреді.

Шақырылған елдер қатарында Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Нигерия және Вьетнам бар.

Саммитке Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Германия канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Жапония премьер-министрі Такаити Санаэ, Канада премьер-министрі Марк Карни, Австралия премьер-министрі Энтони Альбанезе, Еуропалық Кеңес төрағасы Антониу Кошта, Еуропалық Комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысып жатыр.

Қытай атынан Мемлекеттік Кеңес премьері Ли Цзян, Ресей атынан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин қатысады. Аргентина мен Мексиканы сыртқы істер министрлері өкілдік етеді.

АҚШ Президенті Дональд Трамп G20 саммитіне қатысудан бас тартты, ЮАР-дағы ақ нәсілді азшылыққа қатысты «нәсілдік кемсітушілік» айыптарын себеп етіп көрсетті. АҚШ делегациясын Преториядағы АҚШ елшілігінің уақытша қызмет атқарушысы Марк Д. Диллард басқарады.

Саммит барысында төрағалықты ОАР-дан АҚШ-қа беру рәсімі өтеді.

Йоханнесбургтегі G20 саммиті қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Бұдан бұрын 2026 жылы «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өтетіні хабарланды.