Өз құттықтауында Президент спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жүргенін айтты.
— Осы орайда, параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өткен жөн. Айсұлу Сүлейменова қазақтың рухы биік, намысы зор батыр қыздарының жолын лайықты жалғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап болса да, тек қана алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүр. Қазір Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Қазақ «Күш — білекте емес, жүректе» дейді. Расында асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Азия ойындарында бақ сынаған 21 жастағы спортшы Темірлан Тілеулестің есімі отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз.
— Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстанның мақтанышы атанған тағы бір спортшымыз — Софья Берульцева. Софья Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктетті. Ол осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі. Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко арамызда отыр. Ол Жапонияда өткен Жазғы Азия ойындарында жекелей және топтық веложарыста қос алтын медальді жеңіп алды. Алексей Луценко жылдар бойғы табанды еңбегінің, темірдей тәртібінің және қайсар мінезінің арқасында тамаша табысқа жетті, — деді Президент.
Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев те кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткен жарыстарда Азияның жаңа рекордын орнатып, жеңіс тұғырына көтерілді.
— Пауэрлифтер Давид Дегтярев еліміздің және әлемнің ең атақты атлеттерінің бірі — екі Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Спортшыларымыз өз жетістіктері арқылы Қазақстанның Туын халықаралық аренада биікте желбіретіп жүр, — деді Президент.
Айта кетейік, Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары аяқталады. Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.
Ал Азия Параойындарында Қазақстан 50 медаль жеңіп алып, үздік ондыққа енді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын айтқан еді.