«Алғашқы Қарлығаш» лақап атымен танымал наркобаронның күйеу баласы 25 жылға сотталуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Криминалдық ортада «Алғашқы Қарлығаш» лақап атымен танымал наркобаронның күйеу баласы, Қырғызстаннан героиннің ірі арнасын ұйымдастырғаны үшін 25 жылға сотталуы ықтимал. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Есірткіге қарсы күрес департаментінің директоры Сұлтан Құсетов мәлім етті.

«Оны 25 жылға дейін жазалау мүмкін. Себебі трансшекаралық қылмыстық топ жасақтап, есірткінің ірі көлемін жеткізетін арна құрған», - деп атап өтті ол тілшілердің сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, қылмыстық топқа «қамқорлық» жасап келген полицейлер туралы мәлімет жоқ, дегенмен мұндай байланыстардың болған, болмағанын тергеу барысында мамандар тексеретін болады.

С.Құсетовтің сөзі бойынша, аталмыш қылмыстық топ құқыққорғаушылардың назарына жарты жыл бұрын түскен. Жедел талдау көрсеткеніндей, топ жұмысын өте құпия ұйымдастырған, оның әрбір мүшесінде өзінің нақты міндеттері болған, топ-топқа бөлінген олар бірін-бірі туралы білмеген және олардың іс-қимылынан да мақрұм болған, бұл өз кезегінде ақпараттың сыртқа тарап кетуін болдырмайды.

Келіссөздер барысында құпия сөздер мен терминдер қолданылған. Героинді жеткізу үшін және қылмыстық топ адамдарының тасымалы үшін тексерілген такси жүргізушілері мен пойыз жолсеріктері тартылып отырған. Есірткіден түскен қаражатты жіберу үшін тұрғылықты жері жоқ тұлғаларды жалдап отырған. Есірткіні сақтау үшін Қырғызстан мен Қазақстан қалаларында әрдайым жалдамалы пәтерлерді өзгертіп отырған.

«Мүдделі органдардың бірлескен іс-қимылы арқасында Қазақстанға және өзге де мемлекеттерге ауған есірткісін жеткізу арнасы жойылды. Қылмыскерлерді құрықтау кезінде ғана 100 млн теңгеге 3 келі героин тәркіленді», - деп атап өтті С.Құсетов.

Анықталып отырғанындай, соңғы екі жылда аталмыш қылмыстық топ есірткіден 558 миллион теңге қаражат заңдастырған.