Алимент қарызы 12 млн теңгеге жеткен қызылордалықтың бас бостандығы шектелді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық прокуратурасы алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 32 қылмыстық істі тіркеді.

Фото: Kazinform

Мұндай қылмыс үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы көзделген. Ол болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

— Аталған қылмыстық істер бойынша 12 борышкерге қатысты айыптау үкімдері шықты. 5 қылмыстық іс тараптардың татуласуымен тоқтады. 3 қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, қалған 12 іс қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде. Мысалы, борышкерлердің бірі 2023 жылдан бері алимент төлемей келген. Қалыптасқан қарыз 12 млн теңгеге жеткен. Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оның бас бостандығын 1 жылға шектеді, — делінген хабарламада. 

Айта кетейік, 25 тамыздан бастап алимент арнайы банк шотына аударылады.