АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен ересектер арасында Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел құрамасынан аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов (130 келі) 3-орын үшін белдесуде оңтүстік кореялық Минсекок Кимнен 5:2 есебімен басым түсті.
Қазақстандық балуан аталған қарсыласынан былтыр Моңғолияда өткен Азия чемпионатының финалында басым түскен еді.
Ол бұған дейін ширек финалда түрікменстандық Айбегшада Куррайевты жеңіп, жартылай финалда қытайлық Линчжэ Мэгқа есе жіберді.
Ел құрамасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) құрлықтық додада күміс жүлдегер болды.
Ал Аманғали Бекболатов (55 келі) пен Мұхамедалі Мамырбек (63 келі) қола жүлде алды.
Ал Демеу Жадыраев (77 келі) 3-орын үшін сайыста қарсыласына есе жіберіп, жүлдесіз қалды.
Ертең, 10 сәуірде грек-рим күресінен қалған салмақтарда жүлделер сарапқа салынады.
Сондай-ақ, 11-12 сәуірде әйелдер, 13-14 cәуірде еркін күрестен сайыстар өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.