- Құрметті азаматтар! Қазгидромет деректеріне сәйкес, 26 қарашадан бастап еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығы күтіледі. Атап айтқанда, жаңбыр мен қар жауып, жел соғады. Жолда көктайғақ болуы мүмкін. Қолайсыз ауа райы жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Көріну қашықтығы төмендеп, көліктің тежеу жолы ұлғаяды. Осыған байланысты жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көлік құралдары арасында қауіпсіз қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауды, кез келген маневрді барынша сақтықпен орындауды ескертеміз. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын алдын ала тексеріңіздер. Қажет болмаса, қалааралық сапарлардан бас тартқан жөн. Сонымен қатар 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлік құралдарын қысқы дөңгелектерсіз пайдалануға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілерді де сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдан өтер алдында көліктердің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің сізге жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Өту кезінде ұялы телефонға алаңдамаңыз, құлаққапты шешіп, айналадағы жағдайды бақылаңыз. Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма берілді. Жолдағы қауіпсіздік - әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар! - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Архат Төлегенов.
Айта кетейік, 27 қарашада елдің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бірнеше өңірде қар мен жаңбыр жауып, көктайғақ, тұман болып, бұрқасын соғады.