ҚР ІІМ Ержан Саденовтің айтуынша, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзу көрсеткіші 2 есеге өскен.
— Алкогольді шектен тыс пайдалану Қазақстандағы қылмыс деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып қалып отыр. Қылмыстардың айтарлықтай бөлігі, оның ішінде ауыр қылмыстардың жалпы санының 10%-ы және аса ауыр қылмыстардың 22,2%-ы мас күйінде жасалады. Әсіресе кісі өлтіру (59,4%), денсаулыққа ауыр зиян келтіру (62,1%) және зорлау (32,4%) туралы мәліметтер алаңдатады, — дейді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, алкогольдің қолжетімділігін төмендетуге және оның теріс салдарын болдырмауға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар әзірленген:
- алкогольді онлайн сатуға тыйым салу;
- көңіл көтеру орындарының жұмысын сағат 02:00–ге дейін шектеу;
- алкогольді тек мамандандырылған сауда орындарында сату.
Этил спиртінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеуге қатысты тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізіліп, қазір қаралып жатыр.
— ІІМ Тұжырымдаманы іске асыру үшін «102» арнасына түскен сигналдар саны бойынша ойын-сауық орындарының рейтингін қалыптастырады. Бұл азаматтарға бос уақыттары үшін қауіпсіз орындарды таңдауға, ал әкімдіктерге шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алкогольді сату фактілерін анықтау бойынша еріктілермен меморандумдар жасалды. Қазірдің өзінде нәтижелер бар. Алкогольді сату бойынша талаптардың — 2 880-ден 5 784 жағдайға дейін 2 есе көп бұзылуы анықталды. Мас күйіндегі адамдарды оқшаулау мақсатында медициналық айықтырғыштар желісі кеңейтілуде, — деді Ержан Саденов.
Жыл басынан бері Түркістан, Жетісу, Ақтөбе және Қостанай облыстарында 7 жаңа орталық ашылып, Шымкент пен Семей қалаларында медициналық айықтырғыштардың төсек-орындары ұлғайтылды. Астана мен Жамбыл облысында нысандардың толып кетуі байқалады, бұл оларды одан әрі кеңейту қажеттігін көрсетеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Ақтөбеде есірткі дайындап, адам өлтірген мектеп мұғалімі сотталды.