Алматы әкімдігінің мәліметінше, аталған учаскеде тау жыныстары опырылып, диаметрі 2,5 метрге дейін жететін ірі тастар құлаған. Бұл көлік жүргізушілері мен тұрғындарға, сондай-ақ жақын маңдағы инженерлік желілерге қауіп төндіреді.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тас құлау қаупінің алдын алу мақсатында жүргізілетін жұмыстарға байланысты шектеу енгізіледі.
Төтенше жағдайдың алдын алу үшін мамандар қауіпті тастарды бақыланатын тәсілмен төмен түсіріп, аумақтан шығарады. Сонымен қатар тау беткейін нығайту жұмыстары жүргізіледі.
— Жұмыс кезінде тұрғындар мен көлік жүргізушілеріне келетін қолайсыздықты барынша азайтуға баса назар аударылады. Мүмкіндігінше, демалыс күндері жол қозғалысына қосымша салмақ түсірмейтіндей етіп жұмыс кестесі жоспарланады, — деп мәлімдеді әкімдік.
Қала билігі тұрғындар мен көлік жүргізушілерінен уақытша шектеуге түсіністікпен қарап, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Еске салайық, Есік көліне апаратын жол 2027 жылдың сәуіріне дейін жабылатыны хабарланды.
Сондай-ақ Алматы облысында өңірлік маңызы бар үш автожолда көлік қозғалысы шектелетінін жаздық.