Алматы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев вокзалдағы жөндеу барысымен танысып, нысанның қазіргі жағдайын көрсетті. Жарияланған кадрларға қарағанда, ғимараттың сыртқы жұмыстары негізінен аяқталған. Ал ішкі бөлігінде соңғы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, қала тұрғындары вокзалдың ашылуын асыға күтіп отыр.
Мердігердің мәліметінше, ғимаратқа қажетті жиһаздың барлығы жеткізілген, қазір оны құрастырып жатыр. Вокзал ішінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының музейі мен капсулалық қонақүй ашу жоспарланған. Лифтілер мен эскалаторлар жұмыс істеп тұр.
25 қарашадан бастап ғимарат ішін тазалайды.
Вокзалға іргелес аумақта да абаттандыру, гранит төсеу және пойыздардың жүру кестесі көрсетілетін ақпараттық экран орнату жұмыстары аяқталуға жақын.
Нысанды аралау кезінде әкімнің бірінші орынбасары ғимараттың эстетикалық безендірілуі мен көшедегі жарықтандыруға қатысты бірқатар ескерту жасады. Сондай-ақ вокзалды алдағы уақытта базарға айналдырмай, қызмет көрсету мәдениетін арттыру қажет екенін атап өтті.
Еске салайық, Алматы-1 вокзалын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда теміржол вокзалының аялдамалары неге бұзылғаны айтылды.