Алматыда теміржол вокзалының аялдамалары неге сүрілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылықтардың бірі Алматы-1 теміржол вокзалындағы аялдаманың алып тасталғанына наразы.
Желіде Алматы тұрғынының Алматы-1 теміржол вокзалындағы аялдамасының бөлшектелгеніне шағымданған видеосы тарады.
Тұрғын екінші жолақтағы аялдаманы не үшін алып тастағанын сұрайды.
Аталған наразылықтан соң, Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы жағдайды түсіндірді.
Мәлімдеуінше, Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту аясында іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вокзал алдындағы алаңда аялдама инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.
- Теміржол вокзалы маңында алты аялдама бар. Үшеуі тікелей вокзал ғимаратының жанында, ал үшеуі қарсы бетінде орналасқан. Қарсы беттегі ескірген үш аялдама сүріліп тасталды. Себебі оның пайдалану мерзімі өтті және қазіргі қалалық орта стандарттарына сай емес, - делінген хабарламада.
Бұрын бөлшектелген аялдама павильондарының орнына жолаушылардың жаңа, заманауи аялдамалар орнатылады екен.
Сондай-ақ алып тасталған аялдамалар қаланың басқа учаскелерінде қайта пайдаланылатынын атап өтті.
Басқарма тұрғындардан уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.
Еске салсақ, Астанада мектеп оқушылары аялдамадағы камераны қиратқан еді.