Астанада мектеп оқушылары аялдамадағы камераны қиратқан

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 7-сыныпта оқитын екі оқушы қоғамдық мүлікті бүлдірді. Олар Дәурен көшесіндегі аялдамада орнатылған бейнебақылау камерасын қасақана зақымдаған.

Астанада мектеп оқушылары аялдамадағы камераны қиратқан
Фото: Polisia.kz

Полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізіп, қоғамдық мүлікті бүлдіргені үшін заңда көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызы айтылды.

Оқиғаға байланысты оқушылардың ата-аналарына да қатысты заң аясында шара қолданылды.

Полиция қоғамдық және бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру немесе жою заңға қайшы екенін ескертті. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері Астанада 94 адам вандализм үшін жауапкершілікке тартылғанын жазғанбыз.