Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір вокзалда құрылыс-монтаж жұмыстарының 75%-ы орындалған. Жоба аясында вокзал кешенді жаңартылып, жолаушылар үшін барынша жайлы жағдай жасалмақ.
- 1976 жылы салынған вокзал тәулігіне 6 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Соңғы жаңарту 2007 жылы жүргізілген, - деп атап өтті әкімдіктен.
Теміржол нысанында жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Ғимарат пен перронның техникалық жай-күйіне жүргізілген тексеру нәтижесіне сәйкес, нысанның құрылымдарын күшейту және заманауи жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жаңарту қажет екені анықталды.
Биыл мамыр айында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында вокзалдағы жұмыстардың қарқынын сынға алған болатын.
— Үкімет басшысының Алматы-1 вокзалындағы жаңғыртудың барысын көру тапсырмасымен келгенде, «Қазақстан Темір жолының» жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Еске салайық, 2019 жылы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне өтті.
Алайда 2025 жылдың шілдесінен бастап Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді.