Алматы 2-ЖЭО-да алғашқы газ турбинасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы 2-ЖЭО-да бу-газ қондырғысының алғашқы турбинасы іске қосылды. Қалған екі газ турбинасын желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.

Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 25 қарашада Siemens Energy компаниясы өндірген газ турбинасы сәтті тұтатылды. 30 қарашада электр энергиясын желіге беру жоспарланған. 

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жаңа станция электр желісіне 557 МВт электр қуатын және 957 Гкал жылу энергиясын бере алады.

— Жобаның Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін маңызы ерекше. Станция газға толық көшкеннен кейін ластаушы заттар шығарындылары жылына 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін, яғни 90 пайыздан астамға қысқарады деп жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.

 Күкірт диоксиді мен көмір күлі шығарындылары түгелімен жойылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ЖЭО-2 көмірден қашан тегіс бас тартатыны туралы жазған едік.