Алматы әкімі Bazis-A компаниясынан мектеп құрылысын тездетуді талап етті

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Дархан Сатыбалды мердігер компанияға «Келешек мектептері» мектебінің құрылысын осы жылдың тамыз айына дейін аяқтауды тапсырды.

Медеу ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 000 оқушыға арналған білім мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Мектеп жобасында үш қабатты оқу ғимараты, жертөледе орналасатын асхана, акт залы, жеке автотұрақ пен спорт алаңы қарастырылған. 

Қала әкімі мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын осы жылдың тамызына дейін толық аяқтап, жаңа оқу жылында оқушылардың сабақты жаңа мектепте бастауын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Александр Якубович, қыркүйекте оқушылар мұнда оқуы керек. Келістік пе? Біз өзіңізге сендік, бізді жерге қаратпаңыз. Сіз Алматы бойынша тоғыз мектеп алдыңыз - қиындықтар бар. Оларды тапсырыңыз. Өйткені бұл балаларға қатысты мәселе, бұл бюджет ақшасы, - деді әкім серіктестік басшысы Александр Беловичке.

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Ғани Бейсембаев жайлы мектептерді «Келешек мектептері» деп атауды ұсынған болатын. 

Қала басшысы «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қаланы абаттандыру жұмыстарын тікелей өз бақылауына алатынын атап өтті.

– Әр азамат мұндай іске жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қазір көптеген кафе, мейрамхана, дүкен иелері айналасын тазалауға келгенде бұл істі әкімдікке сілтейді. Алайда, тазалық бәрімізге ортақ міндет екенін ескеріп, бұл жұмысқа бәрі бірдей атсалысуы қажет, - деді Дархан Сатыбалды.

Бұған дейін Алматы әкімі реновация бағдарламасын сынған болатын.