Мектеп те, емхана да жоқ: Алматы әкімі реновация бағдарламасын сынға алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімі Жетісу ауданындағы тұрғын үйлерді жөндеу бағдарламасымен барысымен танысты. 

Мектеп те, емхана да жоқ: Алматы әкімі реновация бағдарламасын сынға алды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, Крылов–Скрябин–Гончаров–Райымбек көшелері аралығындағы аумақта 16 үй бұзылып, тұрғындар жаңадан салынған 9 үйге көшірілді.

Бұдан бөлек, тағы 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Боткин–Казаков–Гончаров–Скрябин–Райымбек даңғылының бойында 6 үй сүріліп, 3 үй тұрғызылды.

Мектеп те, емхана да жоқ: Алматы әкімі реновация бағдарламасын сынға алды
Фото: Алматы әкімдігі

Сондай — ақ 8 үйдің құрылысы жүріп жатыр, оларды 2027 жылға дейін пайдалануға беру жоспарда. Сонымен қатар, жаңғырту бағдарламасынан тыс жеке инвестиция есебінен 10 ескі үй мен 11 жеке тұрғын үйді бұзу көзделген.

–100 мың шаршы метр үй салынды, бірде-бір мектеп, бірде-бір балабақша, бірде-бір емхана жоқ. Мұның бәрін дұрыс есептеулеріңіз керек. Архитекторымызға бәрін қайта есептеуді тапсырамын, — деді Дархан Сатыбалды.

Ауданда халық санының өсуіне байланысты 4 мыңнан астам оқушы орны жетіспейді.

Мектеп те, емхана да жоқ: Алматы әкімі реновация бағдарламасын сынға алды
Фото: Алматы әкімдігі

Шаһар әкімі 1 200 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысымен танысты. Мектеп тұрғызып жатқан мердігер компания 4 мың пәтерлік тұрғын үй кешенін де салып жатыр, оның 2,3 мыңын жұмысшы жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтуға арналған әлеуметтік бағдарламалар аясында әкімдік сатып алмақ.

Осыны ескеріп, қала басшысы білім беру нысанының құрылысын барынша жеделдетуді талап етті.

— Егер мектепті уақытында тапсырмасаңыздар — біз әлеуметтік бағдарламалар үшін пәтер сатып алмаймыз. Ешқандай сөз болмайды, тапсырмасаңыздар — сатып алмаймыз, — деді Дархан Сатыбалды.

Мектеп те, емхана да жоқ: Алматы әкімі реновация бағдарламасын сынға алды
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, былтыр мәслихат шешімімен Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі жаңа тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы бекітілген болатын.

Қазір Алматы қаласында 43 мыңнан астам адам тұратын 1366 тозығы жеткен үй бар, 2025 жылы бағдарламаға сәйкес 78 ескі үй бұзылады. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 676 ескі көппәтерлі тұрғын үйге реновация жүргізу жоспарланып отыр

Соңғы жаңалықтар