Алматы әкімдігі ауа сапасы туралы жеке датчиктер мәліметіне сенбеуді ескертті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы экология басқармасы қаладағы ауа сапасына қатысты жалғыз ресми дерек көзі Қазгидромет бекеттері екенін мәлімдеді. Бұл қызметтің барлық құрылғысы сертификатталған, мемлекеттік тізімге енгізілген және міндетті тексеруден өткен.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қала аумағында 16 стационарлық бақылау бекеті орнатылған. Осы бекеттердің деректері бойынша ауа сапасының көрсеткіштері қолданыстағы санитарлық-гигиеналық нормативтерге сәйкес қалыптастырылады.
— Бұл ретте, түрлі жекеменшік немесе калибрленбеген құрылғылар тарататын ақпарат ресми болып саналмайды. Мұндай датчиктердің жарамды сертификаты жоқ, олар тексеруден өтпеген және мемлекеттік өлшеу құралдары тізіміне енгізілмеген. Сондықтан мұндай құралдардан алынған ақпаратты сенімді дерек ретінде қолдануға болмайды, — делінген хабарламада.
Қазгидромет мәліметінше, биыл 24-25 қарашада жоғары (10 ШРК-дан жоғары) және аса жоғары (50 ШРК-дан жоғары) ластану деңгейі тіркелмеген. Жекелеген бекеттерде кейбір заттар бойынша 1,0-2,1 ШРК шамасында бір реттік аздаған асу байқалды. Синоптиктер қаладағы қазіргі түтінді ауа райының қолайсыз метеорологиялық жағдайларымен қоса, антропогендік факторлармен де байланыстырып отыр. Соның бірі — инверсия, яғни жылы ауа қабаты төменгі суық қабатты жауып, тік бағытта ауа алмасуына кедергі келтіретін құбылыс.
— Қарашаның желсіз ауа райы, көпжылдық бақылаумен салыстырғанда жоғары температура, жауын-шашынның болмауы және жылыту маусымының белсенділігі атмосферада зиянды заттардың жиналуына ықпал етеді. Ластаушы көздер жеке тұрғын үйлер, өндірістік нысандар және қала аумағында пайдаланылатын шамамен бір миллионға жуық автокөлік. Бүгінде Алматының ауа бассейнін негізгі ластаушы — автокөлік көлігі (шығарындылардың 60%-ына дейін). Қалған бөлігі өнеркәсіптік кәсіпорындарға, жеке секторға және қатты отын пайдаланатын моншаға тиесілі, — деп хабарлады әкімдік.
Еске салайық, «Қазгидромет» РМК 27 қарашада Алматыда және тағы алты қалада ауа сапасы нашарлайтынын болжаған еді.