Алматы әуежайында жұмысшы қаза болуына байланысты іс қозғалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайында жұмысшы қаза болды.

Фото: ІІМ

Желіде тараған ақпаратты Көліктегі полиция департаменті растады. Қазіргі уақытта Алматы әуежайында адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

- Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады департаменттен.

Аталған жағдайға байланысты Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне де сауал жолдадық. Жауап алынған соң, ақпарат толықтырылады.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да құрылыс алаңында кран құлап, ер адам мерт болды.