Алматы әуежайындағы оқиғадан кейін тексеріс жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы халықаралық әуежайының аумағында болған оқиғаға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерден кейін Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізетін болды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын ала ақпаратқа сәйкес, 11 маусым күні құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс құрылымдары, атап айтқанда құбырлар құлаған. Оқиға әуежай аумағындағы құрылыс алаңында болған.

— Қазіргі таңда басқарма оқиғаның мән-жайын анықтап, қажетті материалдарды жинақтап жатыр. Кейін олар жоспардан тыс тексеруді тіркеу үшін прокуратура органдарына жолданады. Жоспардан тыс тексеру барысында құрылыс нормаларының сақталуы, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының ұйымдастырылуы заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағаланады. Егер заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға қатысты қолданыстағы заң аясында тиісті шаралар қабылданады, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Алматы қаласының әуежайында оқыс оқиға болып, видеосы әлеуметтік желіде таралғанын жазғанбыз.