Оның сөзінше, 2050 жылға дейін есептелген Horizon жобасы аясында әуежайдың келбеті түбегейлі жаңарып, терминалдар жаңғыртылады, жолаушылар қабылдау әлеуеті артып, заманауи сервистер енгізіледі.
Жоба аясында ішкі терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 миллионнан 7 миллион жолаушыға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар 1500 орындық жабық көпдеңгейлі автотұрақ салынып жатыр. Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады.
— Жаңа көпдеңгейлі автотұрақ жобасы тұрақ орындарының жалпы санын 2275-ке дейін жеткізеді. Бұл жолаушылар үшін қолайлылық пен қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады, — деді Олжас Смағұлов.
Алматы әкімінің орынбасары қазіргі жұмыстар 2028 жылға дейін жоспарланған бірінші кезең аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 362 млн АҚШ доллары.
Сонымен қатар ішкі терминалды қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылғы 11 шілдеде аяқталады. 2027-2028 жылдары транзиттік жолаушылар мен экипаждарға арналған жаңа қонақүй кешені салынады, заманауи көлік және автотұрақ жүйесін қалыптастыру жоспарланған.
— Бұған қоса, әуежайдың жаңа деңгейде жұмыс істеуін және халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету үшін өндірістік, қоймалық және әкімшілік нысандар да салынып жатыр, — деді ол.
Еске салайық, былтыр Алматы әуежайында инвестициялық Horizon жобасы басталғанын жазғанбыз.