Алматы БҰҰ зерттеуінде цифрлық қызмет бойынша үздік 15 қаланың қатарына енді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы цифрлық қызметті дамыту деңгейі бойынша әлемнің 194 қаласы арасында 12-орынға көтерілді.

Фото: Pexels

2024 жылмен салыстырғанда қала рейтингте 15 сатыға жоғарылаған. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының UN E-Government Survey 2026 зерттеуінде айтылған.

Фото: Скрин

Кейінгі екі жылда Алматы 27-орыннан 12-орынға көтерілді. Жергілікті онлайн қызметтер индексі (Local Online Services Index — LOSI) 1 балдық жүйе бойынша 0,8021-ден 0,9604 балға дейін өскен. Осы көрсеткіш бойынша Алматы Копенгаген, Лондон, Токио, Шанхай және әлемнің бірқатар дамыған мегаполистерін озып 12-орынға тұрақтады.

БҰҰ зерттеуінде қала тұрғындарына ұсынылатын электрондық қызметтің қолжетімділігі мен қолайлылығы бағаланады. Сарапшылар ресми интернет-порталдардың жұмысын, қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін, қалалық ақпаратқа қолжетімділікті, кері байланыс тетіктерін және тұрғындардың қаланы басқаруға қатысу деңгейін талдайды. Бағалау алты негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

Фото: Скрин

— БҰҰ рейтингіндегі көрсеткіштің жақсаруы мен халықаралық деңгейдегі мойындау Алматының цифрлық қызметті дамыту, қала инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді.