«Әрине тергеу барысында мұның бәрі зерделенеді. Қазіргі бірінші тарап жатқан ақпарат бойынша, «Халық банктің» қасындағы бір филиалының ғимараты деген мәлімет айтылып жатыр, яғни ол одан әрі жалға берген. Жалға алған – «ALA Hostel» деген жауапкершілігі шектелген серіктестік. Әрине, бірінші кезекте бұл хостелді осындай жалға алу талаптарын сақтамай отырып қолданған ЖШС басшыларының жауапкершілігі қарастырылуы тиіс. Кінәсіздік презумпциясы дейді ғой. Мен алдын ала еш нәрсе айтпай-ақ қояйын, бірақ тергеу барысында осы өрттің не себепті шыққаны туралы және оның салдары тікелей ғимараттың басшыларына немесе оны жалға берген компанияның басшыларына қатыстылығы анықталса, ешкім заңнан құтыла алмайды», - деді ол.
Бас прокурордың орынбасары тергеу кезінде қазір айтылып жатқан ақпараттардың бәрі толық тексерілетінін атап өтті.
«Бірақ мұның бәріне қазір «мынау кінәлі» деп айтуға әлі ертерек. Сіздер БАҚ ретінде сұраған соң айтуым керек. Оны жариялауға әлі ертерек. Нақты қылмыстық іс бойынша айып тағылған жоқ. Сол себепті кішкене күту керек. Бірақ осы бағытта жұмыс атқарылатынына мен сіздерді сендіргім келеді», - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Еске салайық, бүгін Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33-те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті.
Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды. Сондай-ақ 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.
Алматыда хостелде болған өрт туралы соңғы мәліметтер мына жерде.