Алматы қаласында дәмхана өртенді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Алматы қаласының 112 пультіне Жетісу ауданындағы кафеден өрт шыққаны туралы хабарлама түсті, деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі.

Фото: Видеодан скрин

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде, дәмхананың толық жанып жатқаны анықталды. Су тасымалдаушы автоцистерналар жақын маңдағы, шамамен 100 метр қашықтықта орналасқан өрт гидранттарына дереу қосылды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көрші үйдің екі тұрғыны қауіпсіз жерге шығарылды.

— Өртті сөндіру барысында жанып жатқан дәмханадан 5 газ баллоны шығарылып, ықтимал жарылыстың алдын алды. Сондай-ақ өрттің көршілес жеке тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақмола облысының орталығында екі пәтерлі жеке тұрғын үйде өрт болып, екі газ баллоны жарылған болатын.