Алматы қуыршақ театры халықаралық фестивальде бас жүлдені иеленді

Фото: Фото: Алматы қуыршақ театры

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қуыршақ театры Канадада өткен халықаралық театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы театр директоры Алмат Амангелді мәлімдеді.

– 2024 жыл Мемлекеттік қуыршақ театры үшін тарихи жыл болды. Канадада Гран-при жеңіп алған театр қазақстандық қуыршақ өнерінің әлемдік мойындауға лайық екенін дәлелдеді. Бұл жеңіс – театр ұжымының орасан зор еңбегінің нәтижесі. Біз өнеріміздің әлемдік деңгейге көтеріліп, қазақстандық көрермендердің ғана емес, шетел азаматтарының да таңданысын тудыратынына қуаныштымыз, – деп атап өтті Алмат Амангелді.

Айтуынша, бұдан бөлек театр Грузиядағы халықаралық фестивальде «Үздік режиссер» сыйлығын жеңіп алды. Сондай-ақ, Беларуссияда өткен «Ляльки над Неманом» фестивалінде қазақстандық қойылым арнайы дипломға ие болды. 

Фото: Алматы қуыршақ театры

– Біз Алматының әлемнің түкпір-түкпірінен келетін ең үздік қуыршақ театрлары бас қосатын орынға айналғанын қалаймыз, – дейді ол.

Фото: Алматы қуыршақ театры

Былтыр қуыршақ театрының репертуары жаңа бес қойлыммен толықты. Атап айтар болсақ, белгілі боксшы, олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың батыл рухын дәріптейтін «Чемпион», әлемге әйгілі ертегі желісімен сахналанған ақыл-парасаттың күші және достық туралы сыр шертетін «Етік киген мысық», гүржістандық режиссердің жетекшілігімен қойылған, қоғамдағы сенімсіздік, бозөкпелік, буллинг туралы «Шекпен», «Жұлдызды қуыршақтар» концерттік қойылымы және бауырмалдық пен мейірімділік туралы сыр шертетін «Қар ханшайымы» қойылымы. 

Фото: Алматы қуыршақ театры

– Біз балалар мен жасөспірімдерге тек көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, сондай-ақ маңызды өмірлік құндылықтарды үйрететін спектакльдерді қоямыз, – деп атап өтті театр басшысы.

Фото: Алматы қуыршақ театры

Еске салаық, бұған дейін Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Чемпион» қойылымы сахналанған болатын. 

Айта кетейік, биыл мемлекеттік қуыршақ театры 90 жылдық мерейтойын ауқымды бағдарлама бойынша атап өтпек.