Алматы маңындағы Ақсай карьері опырылды: үйлерге қауіп төніп тұр ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ақсай карьерінің бір бөлігі опырылғаннан кейін мамандар Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылындағы 11 үйді тексерді. Төрт үйден құрылымдық өзгерістер мен ақаулар анықталды.

Видеодан алынған кадр

Шілде айының басында өзен жағасының шайылуына байланысты Алматы облысы Қарасай ауданы аумағындағы карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылып, соның салдарынан жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары уақытша басқа жерге көшірілді.

Бұл оқиғадан кейін жақын маңдағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігі және карьердің болашағына қатысты сұрақтар пайда болды.

Kazinform Қарасай ауданының әкіміне ресми сауал жолдап, тұрғындарға қазір қауіп бар-жоғын, үйлерді тексеру нәтижелерін, карьер учаскелерінің кімге тиесілі екенін және оның маңында тұрғын үй салуға қандай негізде рұқсат берілгенін сұрады.

Агенттік сұрақтарына Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек жауап берді.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Ақсай карьерінде не болды?

Аудан әкімдігінің мәліметінше, оқиғаға Іле Алатауының таулы аймағындағы нөсер жаңбыр себеп болған. Жауын салдарынан Ақсай өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілді. Осыдан кейін карьер шұңқырының шекарасы бұзылып, өзен арнасын өзгертті және су аумақты басып қалып, беткейлерді шая бастаған.

Кейіннен аумақта визуалды және аспаптық тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл шараларға аудан әкімдігінің төтенше жағдайлар бөлімі, Қарасай аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы, Райымбек ауылдық округінің басшылығы, «Үшқоңыр — Ирригация» коммуналдық кәсіпорны, мамандандырылған жобалау институттары және тиісті мекемелер тартылды.

Биіктігі 15 метрлік бөгет салынды

Әкімдік мәліметінше, оқиғадан кейін нысанда тәулік бойы шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабылданған негізгі шаралардың бірі — карьер шұңқырының шекарасын қалпына келтіру мақсатында қорғаныш бөгетін салу. Оның ұзындығы — 82 метр, биіктігі — 15 метр. Құрылыстың ені жоғарғы жағында 20 метрге, ал табанында 35 метрге жетеді. Бөгетті салуға 74 000 текше метрден астам топырақ жұмсалды.

Сонымен қатар ауыр техника арқылы шамамен 124 000 текше метр топырақ қазылып, басқа жерге көшірілді. Ал тағы 14,8 мың текше метр топырақ айналма арнаны кеңейту және тереңдету жұмыстарына жұмсалды.

Жергілікті билік өкілдері қазіргі уақытта жағдайдың тұрақталғанын хабарлады. Өзендегі су ағыны қауіпсіз деңгейге (секундына 1,57-ден 4,54 текше метрге дейін) түсті. Ақсай өзенінің жаңа қауіпсіз арнасын бір шақырым учаскеде кеңейту және тереңдету бойынша механикаландырылған жұмыстар аяқталды.

Еске салайық, Алматыда Ақсай өзенінде тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатқанын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ Алматыда Непалдағыдай алапат сел жүру қаупі бар-жоғы және бөгеттің салынуына қатысты мамандардың алаңдаушылығы туралы жазған едік.