Алматы мектептерінде орын тапшылығы қашан азаяды

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2025 жылға қарай мектептерде орын тапшылығы азаятынын, бұл үшін қандай шаралар қолға алынғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: freepik.com

«Биыл бүкіл республика бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Алматыға келсек, 2024-2025 жылдары 37 100 орындық 22 мектеп ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 23 100 орындық 13 мектептің құрылысын бастау туралы меморандумға қол қойылды, сондай-ақ 12 мың оқушыға арналған 8 мектептің құрылысы мен сатып алуына жеке инвесторлармен меморандумдар бекітілді. Оған қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидатымен 2 мың орындық бір мектеп салынады», – деді Е. Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.

Алматы әкімінің айтуынша, 2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай оқушы орындарының тапшылығы басқарылатын деңгейге дейін төмендетіледі.

«Биылғы оқу жылында мемлекеттік мектептерде бір ауысымдық режимге белсенді көшуді бастаймыз деп ойлаймыз», – деп толықтырды Ерболат Досаев.

Сонымен бірге мегаполис әкімі биылғы жыл басынан 5 920 оқушыға есептелген 21 мектеп және қосымша құрылыс пайдалануға берілгенін айтты. Оның ішінде 3 450 орындық 16 жекеменшік мектеп, 1,5 мың орындық 1 мемлекеттік мектеп және 970 орындық 4 қосымша ғимарат бар.

Биыл 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 30 мектепте «Мектеп автобусы» жобасы іске қосылды. Ол үшін 100 автобус сатып алынған.