Пилоттық жобаны Алматы полиция департаменті балаларды қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздік саласына цифрлық технологияларды енгізу міндеттері аясында жүзеге асырып жатыр.
Роботтандырылған құрылғылар мобильді патрульдеу және мониторинг функцияларын орындайды. Олар белгіленген маршруттар бойынша автономды түрде қозғалып, бейнебақылау жүргізіп, ақпаратты нақты уақыт режимінде орталықтандырылған бақылау жүйелеріне жолдай алады.
– Қолданылып жатқан технологиялар автоматты режимде әлеуетті қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, адамдардың шоғырлануы, агрессивті мінез-құлық белгілері, сондай-ақ түтіндену, өрт шығу қаупі және өзге де оқиғалар тіркеледі. Сонымен қатар жүйе тұлғаларды және көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға, сондай-ақ мінез-құлық сценарийлерін талдауға қабілетті, - делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, жедел әрекет ету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылған: штаттан тыс жағдай анықталған сәтте ақпарат автоматты түрде тиісті қызметтерге жіберіліп, жедел шаралар қабылданады.
Қазіргі кезеңде роботтандырылған кешендер қаланың бір мектебінде сынақтан өткізіліп жатыр. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша технологияның тиімділігіне баға беріліп, оны әрі қарай ауқымды енгізу мәселесі қарастырылады.
Еске салайық, бұған дейін 1 сәуір - 15 мамыр аралығында еліміздің білім беру ұйымдарында білім сапасын бағалауға арналған PIRLS-2026 және TIMSS-2027 халықаралық зерттеуі өткізілетінін хабарлағанбыз.