9,8 млрд активі сатылды
2023 жылдан бері мемлекетке қайтарылған қаражат пен нысандарды, сондай-ақ бағалы қағаздар мен бұйымдарды «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС аукцион арқылы сатып, одан түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аударып келеді. Осы компания мәліметінше, биыл қараша айындағы жағдай бойынша 9,8 млрд теңгеге 17 қайтарылған актив сатылған.
Оның 9,1 млрд теңгесі — Алматыда сатылған активтердің үлесі. Атап айтқанда, бұл Байсат базары («Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС жарғылық капиталының 100%-ы) және және сирек жер металдарын өндіретін «Kundybai Mining» АҚ акцияларының 20%-ы табыс әкелді.
Ал былтыр Алматыда қайтырылған активтерді сатудан 3 млрд теңге қаражат өндірілген болатын.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бүгінде Алматы қаласының аумағында орналасқан және сатылымға шығарылған өзге активтер жоқ екенін атап өтті.
Алматы
Мегаполисте қайтарылған активтер есебінен бірнеше нысан құрылысы қаржыландырылды. Бұл туралы Алматы қаласының құрылыс басқармасы хабарлады.
2025 жылы Бостандық ауданы, Асқаров көшесі, 47 мекенжайында орналасқан Абай ұлттық мектебі қолданысқа берілді. Жоба аясында 900 орындық мектеп ғимараты пен интернат корпусы салынды.
— Алматыда қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған дарынды балаларға арналған мектеп пен интернат корпусын, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды қамтитын білім беру кешенінің құрылысы толық аяқталды, — деп хабарлады басқармадан.
Сондай-ақ ведомство қайтарылған активтер есебінен Бостандық ауданы, Дарын-1 шағынауданында асханасы бар жатақхана құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Нысанның жобалық сыйымдылығы — 350 орын. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі көлемі орындалып, соңғы кезеңіне өткен. Қалған жұмыстарды 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, Абай ұлттық мектебінің оқушылары үшін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Алматы облысы
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде қайтарылған активтер есебінен 1 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл — Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында 50 орындық спорт кешені.
— Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Спорт кешенінде баскетбол, волейбол, футбол, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, арым күрес, бокс, таэквондо және тағы басқа секция түрлері болады, — делінген басқарма жауабында.
Жоба құны — 1,1 млрд теңге.
Еске салайық, бұған дейін Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Алматы облысында мемлекет меншігіне өткен екі шарап зауытын сатылымға шығарды.
Біреуі — Қарасай ауданы, Шамалған ауылында, екіншісі — Талғар ауданы, Панфилов ауылында орналасқан. Зауыттардың ортақ құны 1,1 млрд теңгеден асады.