Шымкентте неге ақылы автотұрақтар жоқ?
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтің редакциямыздың сауалына берген жауабына сәйкес, қазір қала аумағында ақылы автотұрақтар ресми түрде тіркелмеген.
Басқарма мәліметінше, 2025 жылғы 17 шілдеде Қазақстанның «Жол қозғалысы туралы» заңына өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарына ақылы автотұрақтарды ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту құқығы берілген.
Алайда тиісті қаулы жобасын талқылау барысында оның жекелеген нормалары Жер кодексінің 109-бабының 2-тармағына қайшы келетіні анықталды. Аталған нормаға сәйкес, автомобиль жолдарының, көшелер мен өткелдердің бөлінген белдеуіндегі жер учаскелерін ақылы автотұрақтар мен тұрақ орындарын орналастыруға жол берілмейді.
Бұдан бөлек, басқарма өкілдері «Жол қозғалысы туралы» заңның қолданыстағы нормаларына сәйкес, көлік құралдарын тұраққа қойғаны үшін ақы алу өкілеттігі тек Астана мен Алматы қалаларының мәслихаттарына берілгенін атап өтті.
— Осыған байланысты қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағында ақылы автотұрақтар тіркелмеген, — деп хабарлады басқарма басшысы.
Осылайша, еліміздегі ірі қалалардың бірі саналатын Шымкентте коммуналдық ақылы автотұрақ жүйесі әзірге жұмыс істемейді.
Алматыда кімдер автотұрақты тегін пайдалана алады?
Алматыда жағдай басқаша. Қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қазір қалада 17 мыңнан астам коммуналдық ақылы автотұрақ орны бар. Сонымен қатар азаматтардың бірқатар санатына оларды тегін пайдалану құқығы берілген.
Басқарма басшысы Олжас Шабдановтың редакциямыздың сауалына берген жауабына сәйкес, мұндай жеңілдік Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтарға қарастырылған.
Сондай-ақ коммуналдық ақылы автотұрақтарды еңбек ардагерлері, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері, тиісті мемлекеттік наградалармен марапатталған көпбалалы аналар, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтар тегін пайдалана алады. Бұдан бөлек, электромобиль иелеріне де жеңілдік қарастырылған.
Тегін тұрақ құқығын пайдалану үшін азаматтар тиісті санатқа жататынын растап, қажетті құжаттарды ұсынуы керек.
Үйдің жанындағы тұрақты қалай тегін пайдалануға болады?
Тегін автотұрақ пайдалану құқығы жеңілдік санатындағы азаматтармен ғана шектелмейді. Көппәтерлі тұрғын үйлердегі үй-жайлардың меншік иелері мен жалға алушылары үйінен 500 метрге дейінгі радиуста орналасқан бір коммуналдық ақылы автотұрақ орнын тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.
Бұл «бір үй-жайға — бір көлік құралы» қағидаты бойынша беріледі.
Өтінішті «Алматы паркинг» КММ-нің ресми сайты немесе e-Otinish платформасы арқылы жолдауға болады.
Алматыда тұрақ ақысын қалай төлеуге болады?
Коммуналдық ақылы автотұрақтардың операторы — «Алматы паркинг» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Кәсіпорын автотұрақ орындарын ұйымдастырумен, оларды пайдаланумен және төлемнің жасалуын бақылаумен айналысады.
Жүргізушілер тұрақ ақысын бірнеше тәсілмен төлей алады. Атап айтқанда, төлем терминалдары, «Парковки Алматы» мобильді қосымшасы, оператордың ресми сайты, екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларының қосымшалары, сондай-ақ SMS арқылы төлеуге болады.
Кейбір жағдайда тұрақ белгісіндегі QR-кодты сканерлеп, көліктің деректерін енгізу жеткілікті.
Сонымен қатар жекелеген сервистер арқылы төлемді алдын ала жасауға немесе сол күнгі сағат 23:59–ға дейін кейін төлеуге мүмкіндік бар. Бұл ретте тиісті сервистердің талаптары ескеріледі.
Тағы 8 мыңнан астам тұрақ орны ашылады
Алматыдағы ақылы автотұрақтар желісі алдағы уақытта кеңейе түспек. Қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, 2026 жылы қосымша 8 мыңнан астам коммуналдық ақылы тұрақ орнын ұйымдастыру жоспарланған.
Осылайша, олардың жалпы саны қазіргі 17 мыңнан шамамен 25 мыңға дейін артуы мүмкін.
Жаңа тұрақ орындарын магистральды көшелерде және автокөліктердің қозғалысын реттеу арқылы жолдардың өткізу қабілетін арттыруға болатын өзге де учаскелерде ашу көзделген.
Жоспарға көше бойындағы тұрақтармен қатар, арнайы алаңдардағы автотұрақтар да кіреді. Орындарды анықтау кезінде көлік қозғалысының қарқындылығы, тұраққа деген сұраныс және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі ескеріледі.
Автотұрақтан түскен қаражат қайда жұмсалады?
Басқарма ақылы автотұрақтарды пайдаланудан түсетін қаражаттың қайда бағытталатынын да түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, түскен қаражат белгіленген тәртіппен Алматы қаласының бюджетіне аударылады. Ал оны одан әрі бөлу бюджет заңнамасына және бекітілген қаржыландыру бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Осылайша, бүгінде Алматы мен Шымкент қалаларында автотұрақ жүйесін ұйымдастыру тәсілдері айтарлықтай ерекшеленеді. Алматыда 17 мыңнан астам ақылы тұрақ орны жұмыс істеп, олардың саны артып келеді. Сонымен бірге тұрғындардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер қарастырылған. Ал Шымкентте заңнамадағы бірқатар шектеулерге байланысты ақылы автотұрақ жүйесі әзірге енгізілмеген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автотұрақ тарифінің өзгеруіне байланысты жүргізушілер нені білуі керек екенін жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда қанша адам автотұрақты жеңілдікпен пайдаланып жүргені айтылды.