Алматыда қанша адам автотұрақты жеңілдікпен пайдаланып жүр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда бекітілген санаттағы тұрғындар автотұрақты жеңілдікпен пайдала алады.

Алматыда қанша адам автотұрақты жеңілдікпен пайдаланып жүр
Фото: Алматы әкімдігі

«Алматы Паркинг» мекемесінің мәліметінше, қалада 15 344 автокөлік иесі коммуналдық ақылы автотұрақтарда жеңілдіктерді пайдаланып жүр. Жеңілдік I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен отбасылардың мүшелеріне беріледі. Бұл мүмкіндік электромобильдер мен арнайы көлік құралдарының иелеріне де қарастырылған.

— Басым бағыттардың бірі халықтың әлеуметтік осал топтары мен жеңілдік алуға құқығы бар басқа да санаттағы азаматтар үшін автотұрақ инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету, — деп хабарлады мекемеден.

Қазір қалада 17 мыңнан астам коммуналдық автотұрақ орны бар. Алдағы уақытта олардың санын 25 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Одан бөлек көлік иелеріне қызмет алу уақытын үнемдеу үшін жеңілдікпен тұрақтауға арналған рұқсаттарды рәсімдеу тәртібін оңайлату және цифрлық сервистерді дамыту көзделген.

Еске салайық, Алматының коммуналдық автотұрақтарында биыл 4 қазаннан бастап жаңа тарифтер қолданысқа енгізілді. Жаңа тәртіпке сәйкес, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалды. Автотұрақтарға сұраныс орташа аумақтарда сағатына 150 теңге белгіленді. Ал тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп аймақтарда тариф сағатына 200 теңге болды.