Алматы метрополитені сауда нүктесін жалға алушыларды заңсыз салық төлеуге мәжбүрлеген

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метрополитен басшылығы салық шығындарын сауда алаңдарын жалға алушылар есебінен өтеуді көздеп, заңсыз талаптар қойған. Көлік прокуратурасы тексеріс барысында кәсіпкерлердің құқығы бұзылғанын анықтаған. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді.

Алматы қаласының «Метрополитен» ШЖҚ КМК-ға жүргізілген тексеріс нәтижесі кәсіпкерлерден заңсыз қосымша төлем алынғанын көрсетіп берді.

Атап айтқанда, метрополитен басшылығы салық шығындарын сауда алаңдарын жалға алушылар есебінен өтеуге шешім қабылдап, ол үшін оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүр еткен, - делінген хабарламада.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша салық төлемдерін жабу бөлігіндегі заңсыз талаптар келісімдерден алынып тасталды, ал кәсіпкерлерге 12,5 млн теңге қайтарылды. Бұл әрекеттерден барлығы 11 кәсіпкер зардап шеккен болатын.

Көлік прокуратурасы байланыстары БКП ресми сайтында орналастырылған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтарға жүгіну мүмкіндігіне назар аударады.

Еске сала кетейік, бұған Алматы метросымен бір күнде 100 мың адам қатынайтынын жазған болатынбыз.