Алматы облысында 15 жастағы қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Полиция Алматы облысы Райымбек ауданының Тегістік ауылында 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.

Фото: Азертадж

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Алматы облысында сегіз жігіттің екі ай бойы 15 жастағы оқушы қызды зорлағаны туралы ақпарат тараған еді.

— Облыс прокуратурасының бастамасымен қылмыстық істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз ету мақсатында іс Қонаев қаласының полиция басқармасына тергеуге берілді. Арнайы тергеу-жедел тобы құрылды, — деп хабарлады ведомство.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталып, олардың екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Енді қалған күдіктілер бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

— Тергеу барысы облыс прокурорының ерекше бақылауында, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда ауыл тұрғыны өз қызын зорлағаны үшін 16 жылға сотталғанын жазғанбыз.