Кездесу барысында вице-министр облыстың отын-энергетика кешенінің қазіргі жай-күйі туралы баяндады.
Өңірдің электр энергетикасы кешеніне жалпы белгіленген қуаты 664 МВт болатын Қапшағай және Мойнақ су электр станциялары, сондай-ақ жылумен жабдықтауды қамтамасыз ететін облыстық қазандықтар кіреді.
2026 жылы Алатау қаласында электрмен жабдықтау желілері мен жылумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға бағытталған бес жобаны іске асыру көзделген. Сонымен қатар Индустриялық аймақта «Арна» қосалқы станциясын және Қонаев қаласында «Көкшіл» қосалқы станциясын салу жоспарланып отыр.
Газдандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бүгінде Алматы облысында шамамен 1,2 млн адам табиғи газбен қамтамасыз етілген, ал өңірді газдандыру деңгейі 77,8%-ды құрайды. 2027–2028 жылдары «Шелек–Кеген–Нарынқол» магистральдық газ құбырын және Қонаев қаласында «Жаңа Іле» автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарланған.
Алматы облысының жаңартылатын энергия көздерін дамыту әлеуеті де жоғары. Өңір белгіленген қуаты 376,3 МВт болатын 27 жаңартылатын энергия көздері нысаны бойынша республикада төртінші орында тұр. 2031 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 246,24 МВт болатын тағы 18 жаңартылатын энергетика нысанын салу көзделген.
Кездесу барысында облыс тұрғындары коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу және елді мекендерді одан әрі газдандыру мәселелерін көтерді.
Бақытжан Ілияс тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, айтылған өтініштер мен ұсыныстардың Энергетика министрлігінің бақылауында болатынын атап өтті.
Қазақстан энергетикасын алдағы жылдары қандай өзгеріс күтіп тұрғаны туралы сарапшы пікірін мына жерден біле аласыздар.