АИТВ-инфекциясы — адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру нәтижесінде пайда болатын, баяу үдемелі дамитын жұқпалы ауру. Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері облыста АИТВ инфекциясының 247 жаңа жағдайы тіркелген. Жұқтырудың негізгі жолы — жыныстық қатынас, ал ең көп таралуы 30-49 жас аралығындағы азаматтар арасында байқалады. Қазіргі таңда облыста 2 536 адам диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 2 435 адам антиретровирустық терапия қабылдап жатыр, емдеудің тиімділігі — 91%.
Мамандардың айтуынша, антиретровирустық терапияның (АРТ) негізгі мақсаты — вирустың қан құрамында азаюын қамтамасыз етіп, иммундық жүйені қалпына келтіру.
«АРТ-ты қабылдайтын науқастардың вирус жүктемесі анықталмайды. Соның арқасында соңғы екі жылда анадан балаға АИТВ жұғу жағдайлары тіркелмеді», — деді орталықтың емдеу-алдын алу бөлімінің меңгерушісі Светлана Мельман.
Сонымен қатар, Алматы мен Қонаев қалаларында ашылған Достық кабинеттерінде жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды диагностикалау және емдеу жүргізіледі. Жыл басынан бері бұл кабинеттерге шамамен 1 000 адам жүгінген.
Еске салайық, бұған дейін елімізде 5 мыңға жуық жеткіншек АПВ-ға қарсы вакцина алғанын жазғанбыз.