Алматы облысында бір айда браконьерлікке қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды

Фото: pixabay.com/ru

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында заңсыз аң аулауға пен балық аулауға қарсы бағытталған «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы өтті.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1 айға жуық уақыт ішінде табиғатты пайдалану заңнамасын бұзудың 241 дерегі анықталғае. Оның ішінде 11 қылмыстық, сондай-ақ 230 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

- Рейдтер барысында заңсыз аң атуға және балық аулауға қолданылған құралдар тәркіленіп, құқық бұзушыларға қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды. Полицейлер аңшылық алқаптарында, қорықтық аумақтарда,
су айдындарында тексерістерді жалғастырып жатыр, - деп хабарлады департаменттен.

Полиция табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандар үшін ірі көлемдегі айыппұл мен қылмыстық жаза қарастырылғанын еске салады.

Еске салайық, бұған дейін Балқаш көлінде браконьерлер ұсталды.