Қарасай ауданы әкімдігінің мәліметінше, Алматы – Астана тасжолының бойымен өтетін 10 кВ жерасты электр кабелі зақымданып, кей аумақтарда электр энергиясын беру уақытша тоқтатылды.
Атап айтқанда:
- Жібек жолы ауылдық округінде — Жібек жолы ауылының шығыс бөлігінде, жаңа тұрғын үй массивіндегі Доңбаев көшесінде және «Түрксіб» саяжайында;
- Елтай ауылдық округінде — Береке ауылының жаңа тұрғын үй массивінде, сондай-ақ Астана, Байқабатов және Қарасай батыр көшелерінде жарық өшті.
Аудан әкімдігі қазір электр желісіне қызмет көрсететін ұйымның авариялық-жөндеу бригадасы кабельдің зақымданған тұсын анықтап жатқанын мәлімдеді. Бригада ақау орнын анықтағаннан кейін жөндеуге кіріседі.
- Жөндеу жұмыстарын бүгін жүргізу жоспарланған. Электр энергиясын беру қашан қалпына келтірілетіні туралы қосымша хабарланады. Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін 24-27 қараша аралығында Алматының қай аудандарда жарық өшірілетінін жазғанбыз.