Алматы облысында ер адамды өлтірген екі күдікті қамауға алынды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Ұйғыр ауданында жоғалып кеткен 29 жастағы ер адамның өліміне қатысты екі адам ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Фото: ҚР ІІМ

Ведомствоның мәліметінше, 27 мамыр күні аудандық полицияға әйел адам хабарласып, жұмысқа кеткен ұлының байланысқа шықпай қалғанын айтқан.

Осыдан кейін тәртіп сақшылары жедел іздестіру және іздеу шараларын ұйымдастырды. Жоғалған азаматтың мәйіті оның жұмыс орнына жақын орналасқан демалыс аймағының маңынан табылды.

– Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам әріптестерімен бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал шығып, жәбірленуші дене жарақаттарын алған.
Аталған фактілер бойынша кісі өлтіру және қылмысты жасыру баптарымен қылмыстық істер қозғалды, - делінген полиция таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал оқиға кезінде күдіктілермен бірге болған үшінші азаматқа қатысты процессуалдық шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында полиция қызметкері әйелін көлікпен қағып өлтіргенін жазғанбыз.