Алматы облысында қыста 600 мың тоннадан астам көмір жағылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету үшін Алматы облысына 379 мың тонна қатты отын жеткізілді.

Фото: Freepik

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл қыста халық 666 мың тонна көмір жағады деп жоспарланған. Қазір қоймаларға қажетті отынның 57 пайызы жеткізілген. Қалғаны жылу маусымы аяқталғанша кезең-кезеңімен тасымалданбақ.

— Облыс аумағында көмір сататын 35 пункт жұмыс істейді. Онда негізінен «Шұбаркөл» мен «Қаражыра» және «Ойқарағай» кен орнының қоңыр көмірі сатылып жатыр. Бір тонна қатты отынның бағасы 24 000-27 000 теңге аралығында. Ол қойманың орналасқан жеріне және теміржол тұйығынан қашықтығына байланысты өзгереді. Сондықтан әр елді мекенде көмір құны әртүрлі болуы мүмкін, — деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрлан Өмірхановтың айтуынша, теміржол тұйықтары жоқ елді мекендерге көмір автокөлікпен тасымалданады. Ал шалғай орналасқан Райымбек және Кеген аудандарын қатты отынмен қамтамасыз ету үшін жергілікті «Ойқарағай» кен орнының көмірі пайдаланылады.


— Көмір тапшылығы, жеткізілімнің кешігуі немесе бағаның негізсіз өсуі бойынша тұрғындардан шағым түссе, оларды аудан және қала әкімдіктерімен, көмір жеткізушілермен бірлесіп қараймыз. Ал көмір бағасын қолдан көтеру немесе нарықтағы бәсекелестікке кедергі келтіру деректері анықталса, тиісті материалдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне жолданады. Сондықтан тұрғындар шағымданған кезде сатушының атауын, көмір сатылатын орынның мекенжайын, сатып алған күнін және бағасын көрсетіп, төлем түбіртегін қоса ұсынуы қажет. Бұл мәселені жан-жақты қарауға көмектеседі, — деді Нұрлан Өмірханов.

Еске салайық, Астанада көмір қай жерде арзан сатылатынын жазғанбыз.